Жуас. Сыпайы. Кішіпейіл

Біреудің сыпайы әрі кішіпейіл болғысы келетінін соңғы рет қашан естідіңіз? Немесе біреу өз түйіндемесінде, жақсы қасиеттерінің арасында, «кішіпейілділікті» белгілегенін, бір рет болсын көрдіңіз бе? Сізге әлдекім: «Қара, мен керемет бейне сабақтар таптым, енді сегіз апта бойы кішіпейіл болуға және мойынсұнуға үйренетен боламын» деп айтты ма? Менің ойымша, жоқ. 

Кішіпейілділік – жақсы әрі қажет нәрсе, бірақ ол біздің қоғамда ұмытылайын деп қалды. Көп адамдар, кішіпейілділік адамды шүберекке айналдырады және бәрі оларға бұйрық беріп, билей бастайды, өзін-өзі бағалау да нөлге дейін төмендейді деп ойлайды. Біз мұның патология екенін білеміз және бұл қалайша рақымдылық бола алады? Бірақ бұл кішіпейілділік емес. Бұл кішіпейілділікке пародия жасау болады. Ал шынайы кішіпейілділік лағыл тас пен гауһар тастан да қымбат. 

Сонымен, кішіпейілділік дегеніміз не және мәсіхшілер оны неге соншалықты жоғары бағалайды? 

Кішіпейілділік – бұл білімнің бір түрі.  

Кішіпейілділіктің ең қарапайым анықтамасы – бұл өзіңнің шын мәнінде кім екеніңді нақты білу. Бұл дегеніміз, өз ішкі әлеміңді – ойлар, сезімдер, сізді таңертең орныңыздан тұруға мәжбүрлейтін – ынталандыруды анық және айқын танып білу. 

Кішіпейіл болу – өзіңді асыра бағалау да емес және бағаламау да емес. Кішіпейіл адам өзін тым жоғары бағаламайды – бұл өркөкіректік немесе өзін-өзі алдау. Бірақ, сондай-ақ, ол өзін шын мәнінде кім екендігінен төмен кейіп танытпайды және әдейі өзін кемсітпейді. Қандай болсаң, сондай болу керек, өйткені бәрібір адамдар бәрін көреді ғой. Егер сіз керемет теннисші болсаңыз, онда жай ғана сондай болыңыз және алға қарай ұмтылыңыз, жасанды кішіпейілділікке немесе бос мақтаншақтыққа уақыт жоғалтпаңыз. 

Шынайы кішіпейілділікке қол жеткізу шынымен қиын, себебі ол адамдарға табиғи жолмен берілмейді, өзінен-өзі пайда болмайды. Біз бәріміз қара ниетпен әрекет етеміз және неге басқаша емес, ал дәл солай жасағанымызды, не айтқанымызды көп уақыт бойы білмей жүреміз, бәлкім шынында білгіміз де келмейтін шығар. 

Азық-түлік дүкеніндегі кішкентай балаларымен жүрген әйелге көмектескенімді ойлау жағымды, себебі мен өте жақсы адаммын. Бұлай жасағанымның шынайы себебі, өзімді айыпты сезіну («мен досымның, сатушының, басқа адамдардың алдында қалай көрінемін») және тәкаппарлық («қараңдар, мен қандай керемет, қайырымды және мейірімдімін!») екенін мойындау, өзіме кішкене тереңірек үңілу тым жанға батарлық. О, және әрине сыпайылық. Бірақ мейірімділіктің осы бір кішкентай бөлігі барлық көріністі бермейді.  

Сонда не болды? Олай болса, азық-түлік дүкеніндегі жылауық балаларымен шаршаған аналарға көмектесуді доғару керек шығар? Әрине, жоқ. Бірақ мен шынайы кішіпейілділікті дамыта отырып, өзіме өтірік айтуды доғарамын және өзімнің шынайы ниетімді түсіне бастаймын. Шынында, мен оларға көңіл аударуды және басқалардың көзінде қандай екенімді ойлауды мүлде доғарамын. Өзіме қадалғанды қойып, назарымды мұқтаж адамдарға аударамын. Өзім жайлы қиял ойларды елестетудің орнына, шынайы көмек көрсетуді бастаймын. (Бұл кішіпейілділік адамдарды сергітетіндігінің бір себебі. Бұрындары өзімнің мінсіз қалпымды безендіруге жұмсаған бүкіл ақыл-ой қуатымды, енді маңыздырақ істерге бағыттауға болады). 

Кішіпейілділік – бұл сүйіспеншіліктің бір түрі 

Сіз мұның бәрінің тікелей сүйіспеншілікке қарай ағып жатқанын көре аласыз. Өйткені өзіңіздің алдамшы бейнеңізді қолдауға жұмсаған уақытыңыз бен күшіңізді, енді жақындарыңызға (әріптестерге, достарға, мұқтаждарға) жұмсайсыз. Енді сіз айнаға қарап өзіңізге сүйсінуді және әйнектегі бейнеңізге қарауды қоясыз. Сіздің назарыңыз бен жеке күшіңіз бір-бірімен үйлесімді әрекет етеді. Шынында, бұл күшті қару мен берік сүйеніш болып табылады. Басқа бір адамға лайықты әрі пайдалы түрде қызмет еткеніңізде, сіз сүйіспеншілік тудырасыз. 

Біз Исаның өмірінен дәл осыны көреміз. Ол қаншалықты жұмыс басты болса да, шаршаса да, Оның көмегіне мұқтаж болған тіпті ең елеусіз адамға да уақыт тапты. Бірде Ол қызы өлейін деп жатқан маңызды шенеуніктің үйіне барған. Тіпті осындай асығыстықта, біреу Оның киіміне қолын тигізгенін сезіп, Ол тоқтады, артына қарап, Өзіне қолын тигізген адамды табуға тырысты және Иса оны тапты. Сол адаммен қысқаша сөйлесті. Ол оны сауықтырған еді. Ал содан соң, Оның көмегіне әлі де мұқтаж болып жатқан қызға қарай жолын жалғастырды (Марқа 5: 21-43).

Қызық, бірақ кішіпейілділік – бұл өзіңе деген сүйіспеншіліктің де бір түрі болып саналады. Шынайы кішіпейіл адамдар, өздерін жек көргендіктен немесе толыққанды емес сезінуден, ұят сезімдерінің кесірінен, өздерінің шын мәнінде кім екендіктерін жасыруға тырыспайды. Олар өздерінде мәселенің, тіпті маңызды мәселелердің бар екенін біледі, бірақ енді осы әлсіздіктер үшін өздерін сөгу керек деп ойламайды. 

Керісінше, олар өздеріне ирониямен қарай алады, мәселелерінен қорықпай, оларды мойындап, күресе бастайды. Басқалардан және Құдайдан көмек сұрауға ұялмайды. Бұл дұрыс мәсіхшілік ұстаным: екіжүзділенбеу, өз мәселелеріңді жасырмай, олар туралы айтып, күресу, оларға тіке қарау. 

Егер адам өзін әрдайым жек көрсе, бұл кішіпейілділік емес. Бұл оның бағушы, психолог, дана және тәжірибелі адам немесе солардың бәрінің көмегімен шешуі керек жағдай. Өзін-өзі жек көру – бұл Құдайдың жаратылысын жек көру дегенді білдіреді және бұл дұрыс емес. Біздің мақсат – бір жағынан өзімізді керемет санаудан, бос мақтаншақтықтан және басқа жағынан өзімізді тым кемсітіп, жек көруден арылу. Осы екі шектерден арылып, қақ ортасын табу. 

Кішіпейілділік қуанышқа жетелейді

Егер сіз өзіңізді жақсы білсеңіз, онда осы уақытқа дейін көтеріп келген ауыр жүгіңізді тастай аласыз – басқа адамдар не ойлайды деген уайымдар, айналаңыздағы адамдардың арасында өзіңіздің бейнеңізді қолдау үшін ойлап тапқандарыңыз. Сіз жай ғана қандай болсаңыз, сондай бола аласыз және бәлкім, өміріңізде бірінші рет. Сіз енді егеуқұйрық жарысына қатыспайсыз. Өзіңізді басқаша көрсетуге тырыспай, керісінше, сүйікті ісіңізбен айналыса аласыз. Егер биелуді үйренгіңіз келсе, онда әрекет етіңіз! Енді тым толықпын немесе епсізбін деп уайымдамаңыз және былай айтпаңыз: «Мен қораптың ішінде билеп жатқан су сиырға ұқсаймын». Ешнәрсеге қарамастан, мұны жасаңыз. Бірнеше айлардан кейін, өзіңіздің жаңа өміріңізді қатты жақсы көретініңізді біліп, таң қалатын боласыз. 

Кішіпейілділік бостандыққа жетелейді 

Кішіпейілділік бостандыққа жетелейді: «Иә» және «Жоқ» деп айту бостандығына жетелейді. Кімде-кім сізден ауыр жұмысты жасауыңызды сұраған барлық кездер есіңізде ме? Ол жұмысты шынымен жасағыңыз келмеген еді, себебі оны жақсы жасау үшін, өзіңізде уақыт немесе дарын жоқ екенін білдіңіз. Бірақ сіз бәрібір «Иә» дедіңіз, себебі «Жоқ» деуге қатты ұялып, абыржыдыңыз ба? 

Кішіпейілділік сізге осы тұзақтардан құтылуыңызға көмектеседі. Себебі сіз енді, басқалардың көзінде қалай көрінемін деп уайымдамайсыз, жай ғана: «Кешіріңіз, мен жасай алмаймын. Мұны жақсырақ жасай алатын басқа бір адамнан неге сұрап көрмеске?» деп айта аласыз.  

Сонымен, біз қалай кішіпейіл бола аламыз? 

Кішіпейілділік – бұл ең оңай емес адамгершілік. Оған қол жеткізу қиын, бірақ жоғалтып алу оңай, өзіңізді кішіпейілмін деп санаған кезде, оны жоғалтып аласыз. «О, қараңдаршы, мен қандай сыпайымын!» — осы сәтте кішіпейілділікті тәкаппарлық алмастырады. 

Тіпті адам өз бойында кішіпейілділікті дамытып бастаған болса және осы жолда қандай-да бір жетістіктерге жеткен болса да, жоғарыда айтылған мәселе мұның бәрін түгелдей сызып тастап, тоқтатады. Тәкаппарлық – зұлым. Өз қалауымызға сәйкес бола алмай жатқанымызда, өзімізді жек көру де, тәкаппарлық сияқты – зұлым. 

Кішіпейілділік мектебі (тәжірибесі), Мартин Лютердің маскүнем адамды суреттеуіне өте ұқсайды: алдымен ол бір жаққа құлайды, содан соң қайтадан өрмелеп, екінші жаққа құлайды. Алдымен біз тәкаппарлыққа құлаймыз, ал содан соң қарама-қайшы жаққа – өзімізді жек көруге өтеміз. Бізге кім көмектесе алады? 

Мәсіхшілер, адам табиғаты шынайы және берік кішіпейілділікке өздігінен қол жеткізе алмайтындығына сенеді. Міне, сондықтан біз көмек сұрап Құдайға жүгінеміз. Өйткені, Құдайдың Өзі кішіпейіл, Ол бізді де кішіпейіл ете алады. 

Құдай кішіпейіл

Бұл қызық көрінуі мүмкін, өйткені Құдай анықтамасы бойынша, ең ұлы және құдіретті Тұлға болып табылады. Егер әлдекімде тәкаппарлануға себеп болса, ол Құдайда! Бірақ, Ол мүлде ондай емес. Шын мәнінде, егер сіз Құдайдың қарапайым адамдардың арасында жүрген кезінде қандай екенін көргіңіз келсе, Исаға қараңыз. Ол бір уақытта адам және Құдай, сондықтан Ол бізге Құдайдың мінезін көрсете алады. 

Иса – біздің әлемдегі кішіпейілділіктің ең үздік үлгісі. Егер сіз Оның өмірін Киелі Кітаптан оқысаңыз, Оның шүберек болмағанын түсінесіз. Ол айбарлы, қуанышты, әуесқой, ашулы, бақытты. Адамның барлық эмоциялары мен алаңдаушылықтары Исаға тән. 

Бірақ, ешқашан, ешбір жағдайларда Оның тәкаппар болғанын немесе қоғамдағы беделін уайымдағанын көрмейміз. Ол туралы басқалардың не ойлайтыны, жақсы ойлайды ма, жаман ойлайды ма, Оған мүлде бәрібір болды. Шәкірттері Ол туралы: уақытын балаларға жұмсайды, деп ойлағандарына, Ол алаңдамады (Марқа 10:13-16). Патшаның Оны қорқытқанымен де жұмысы жоқ (Лұқа 13: 31-33). Оның бар ойы – Өз міндетін, Құдай Әке Оны жібергенде берген міндеттерді орындау болды. Бәрі орындалуы үшін, Өзінің бүкіл күш-қуатын осыған жұмсауға тырысады.

Тәңір Иса Мәсіхтің кішіпейілділігі, Иерусалимге салтанатты түрде кіруге, қол шапалақтауға, қуанышты кездесуге және сый-құрметке алып келді. Сондай-ақ, ұрып-соғуға, көпшіліктің алдындағы масқараға және айқышта керілуге алып келді. Исаны көпшіліктің ойы мазалаған жоқ, Ол бәріне ұнауға тырыспады. Ол үшін жалғыз Құдайдың, Көктегі Әкенің мақұлдауы маңызды болды, бұл шынымен маңызды, себебі Иса Құдайды сүйеді және Оның риза болғанын қалайды. 

Иса осылай жасады, Оның артынан еруші біз де осылай жасауға ұмтылуымыз қажет. Шынайы кішіпейіл мәсіхші үшін тек Біреудің ойы маңызды – ол Құдайдың ойы. Құдай – Ол, біздің жүрегімізді білетіннің Өзі. Ол біздің сылтауларымызды түсінеді және шынайы құндылықтарымызды нақты біледі. Ал егер Құдай: «Жарайсың!» десе, онда қуануға болады, өйткені Құдайдың ойы – жалғыз дұрыс ой. 

Мағынаның бәрі құндылықта. Соңында, мынадай сұрақ туындайды: «Сіз қаншалықты құндысыз?» Сіз мұны қайдан білесіз? Мәсіхшіліктің айтуынша: «Сіз құндысыз, себебі Құдайдың Өзі сізді бағалайды. Ол сіз үшін Өзін құрбан етті. Басқалардың көзінде қандай екеніңізді бақылау немесе олардың көзінде құндылығыңызды көтеруге тырысудың қажеті жоқ, себебі ненің құнды, ненің құнды емес екендігін тек Құдай анықтайды. Сондықтан, сіз босаңсып, кішіпейілділікпен рахаттануыңызға болады». 

Avatar photo

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Давайте всегда будем на связи? Разрешите нам отправлять вам уведомления Давайте Не давайте